«Адал деген қазаннан доңыздың басы шығыпты…»


Біз шіркін «халал комитет» аталып кеткен Халал өнімдерін стандарттау техникалық комитетін сынап, кейбіріміз: «Осы сөз моды ма, не бәле? Халал-малал демей, «говяжий колбаса» жеп, спиртсіз сусын ішіп жүрсек болды емес пе» деп мұсылманшылықты мінеп, үшіншілеріміз: «Жер-көктің бәрі халал боп кетті, халал саунасы несі, халал қонақ үйдің не керегі бар, енді халал шарап, халал қыз шықса таңқалмаймыз» деп шіреп жүргенде…

Біздің салғырттығымызды біреулер жақсылап пайдаланып жатыр. Жұма күні (04.03.11) «Хабардағы» «Сонымен солай дейік…» бағдарламасының түсірілімінде қонақтардың бірі арнайы алып келген «Мұсылман-Мусульманская» шұжығынан шошқаның гені табылды.

Былай болды. Халал тақырыбын қозғаған түсірілімге қарапайым тұтынушы ретінде қатысқан Қуандық Шамахаев ағамыз «халал өнімдерді тұтынғым келеді, бірақ өндірушілердің адалдығына күмәнмен қараймын» деген мағынада пікір білдірген болатын. Студияға шұжық әкеп жүрген де сол кісі. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Чаглы селосындағы «Меденников» кәсіпорнында өндірілген шұжықты халал комитеттің төрағасы Марат қажы Сәрсенбаев «аты жаманның» генін анықтайтын арнайы тесттің көмегімен тексеріп берді. Сөйтіп, адал деген қазаннын, яғни, «Мұсылман» деген шұжықтан шошқаның басы, яғни еті мен майы шықты.

Адал атты пайдаланып, арам ас әзірлеп жүрген кәсіпорын халал стандарттаудан өтпеген. Өнімнің сыртында комитеттің арнайы белгісі жоқ.

Кейде халал мен харам мәселесінде салғырттық танытып, тұшпара, самса, шұжық секілді ет өнімдерін халал белгісінің бар жоғына қарамай, «сиыр еті» деген жазуына бола сатып ала беретініміз бар. Доңыз еті арзан тұрады, майы «фаршты» біріктіріп ұстап тұруға жақсы. Ал тауарының өтуін ғана қалайтын өндірушілердің сүтке су қосып, сүт деп сатып жатуы да, суға сүт қосып, сүт деп сатып жатуы да әбден мүмкін.

Жарайды, құрамында сиыр еті деп жазылып тұр, ішіндегісі шынымен сиырдікі-ақ бола қойсын. Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. Сыртында мынадай белгісі жоқ кез-келгеннен ішіп-жемнен күмәндануға болады.

Студияда үш жігіттің сиыр сойып жатқан видеосы көрсетілді. Мына әрекетке «сойып» деген көсемшені қолдаудың өзі обал. Біздің ауылда «базған» деп атайтын балта секілді нән балғамен сирағы байланбай бос жүрген бейшара сиырдың маңдайынан, құлақ шекесінен ұрғылайды-ай келіп. Ана байғұс былай қашса, мына жігіт сарт еткізеді, олай қашса, ана жігіт сарт еткізеді. Бас сүйегі опырылып жатыр шамасы. Он шақты «удардан» кейін бас кейіпкеріміз өкіріп барып, жерге гүрс ете қалды. Арам өлген, бүкіл ашу-ызасы етіне жайылып, жағымсыз энергиясы тасыған күйі өмірем қапқан малды қару ауыстырып үлгерген батырлар мықшыңдап соя бастады. Көріністі ойша жалғастырсақ, әлгілер ол еттің бір түйірін де үйлеріне апарған жоқ. Базарға сатты, яки цехқа өткізді. Сосын ап-адал аты бар, «аппетитный» қабы бар шұжыққа айналып шыға келді.

«Халал стандартқа өтсе, малдың шариғат талаптарына сай бауыздалуын қадағалаймыз» дейді төраға Сәрсенбаев. Қазақша, яғни мұсылманша бауыздаудың астың халал болу, болмауында қаншалықты рөл ойнайтынын ойлай беріңіз.

Түсірілімге қатысқан Мәжіліс депутаты Бағила Баймағамбетова ханым бұл мәселені Мәжіліс мінберінен көтерем деп кетті. Көтерсе, Алла ісіне береке берсін!

P.S. Құдай қалап, монтаж-шантаждан аман, ысырылу-шегерілуден есен өтсе, бағдарламаны 15 наурыз күні 17.15-те «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

5 responses to this post.

  1. Күмәнмен қараған дұрыс. Қазақстанда халық дінге енді бет бұра бастады. Бірақ саудагерлер мен кәсіпорындар өз пайдасын көздейді. Иманы жоқ болса, оларға өтірік айту, алдау түк те емес. Бойы үйреніп кеткен. Оларға тек өткізу керек. Сұраныс көп болса, ақша табу үшін халал өнімге ауысар. Бірақ қалай ауысады? Тек қағаз жүзінде болмаса иігі еді.
    Жол бойындағы самса сататын дүңгіршектер халал самса деп жазып қояды. Халал ма деп сұрай қалсаң, қарағым, міне көр деп қағазын көрсетсе бір сәрі, ала көзімен атып, бұл шошқаның еті емес қой, енді деп шығады. Бұл олардың жауапсыздығын, халал жөніндегі түсінігінің таяздығын көрсетеді.
    Халал өнімдерінен конкурс ұйымдастыру керек пе, әйтеуір елді селт еткізер бір шара істеу керек. Халал өнімдерін жарнамалау керек. Мешіттерде тек араб тілі мен уағыздар ғана емес, халал өндірісі, халал тағам жөнінде лекциялар жүрсе жақсы болар еді.
    Кәрістер «қазақтардың діні ислам, сол себепті арақ, доңыз етін жеуге болмайды дегендерімен ішінара арақ та ішіп, доңыз етін де жейді», – деп жазып қойыпты. Рас. Қаның қараяды.

    Жауап беру

  2. Posted by malimetter on 2011/03/06 at 14:58

    Мұсылман шұжығы мен Халал шұжықтың айырмашылығы жер мен көктей. Аңқау елге арамза молда сай келген заманда жеңіл ақша табу үшін неше түрлі қулық-сұмдық жасайтындар жетірлік.

    Жауап беру

  3. Posted by AIDANA on 2011/03/09 at 15:24

    oz basym, osyndai jaitterdi kop ectigendikten, … jemeitin boldym.

    Жауап беру

  4. Естуімше халал су деген зат сатылатын көрінед. Сонда не «зәмзәм» суы да саудаға айналған ба?

    Жауап беру

  5. ия, Астанада Халал су деген бар, 400 тенгеге 18,9 литрін сатады, зәмзәмі де бар

    Жауап беру

Leave a reply to Өркен Жауап беруден бас тарту