Такси, Эйнштейн және Жақсылық


Альберт атай Эйнштейннің бала кезінде болды дейтін әйгілі мысалды естіген боларсыз. Әлгі ше? Құдай зұлымдықты да, қараңғылықты да жаратты деп, айналадағы жамандықтың бәрін жаратушыға жаппақ болған оқытушыға айтқан жауабы. Тіпті, оны сол кезде сапалы камераға түсіріп алып, сапалы етіп монтаждағандар да болыпты. Оған дәлеліміз – мінекей.

Өкініш пен қуанышқа қарай, осы шамалас талқы-таластар біздің заманымызда да боп тұрады. Өкінішке қарай дейтініміз, өзінің әрекетіндегі, өзінің бойындағы, өзінің ойындағы жамандықтарды Жаратқаннан көріп, ақталуға тырысатын адамдардың баршылық екені. Қуанышқа балайтынымыз, олардың, әйтеуір, құдайға үзілді кесілді қарсы шықпай, Төлен ағамның бір кейіпкері секілді оған соғыс ашқысы келетін есерсоқ ойдан аулақ жүргені. Алланың барлығын және оған біздің ғұмырымыздың тәуелді екенін сезінген адам түбі бір дұрыс ойға келер деген дәме.

Әңгіме, Әліберттен шықты ғой. Расында, жақсылық пен жамандық аталатын екі ұғымның бітпес дауы ешқашан тоқтамастай көрінеді. Менің жақсы дегенім – саған жаман. Сенің ұнатқаның – маған жексұрын. Сен жамандықтан жақсылық туады дейсің. Ол айтады, адам жамандықтан толық бас тартуға қауқарсыз деп. Сөйте-сөйте, жамандық та өзіндік бір сүйкімге ие болып, арамыздан ошарыла орын беретіндей қажеттілікке айналып кетіп жатады. Ақыр аяғы, Эйнштейннің ұстазының ізімен «ол да құдайдың жаратқан бір ұғымы» деп ұрандап, одан бас тарта алмай қаларлық сорлылыққа ұшыраймыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін адам ақылы толық ажыратып біле алар ма? Адам қиялы күй талғамай шаба беретін қазіргі қоғамда шатаспастыққа шара қайсы? Өзгені былай қойғанда, елді мінеп өзеуреп отырған өзіміз де сол қоғамды құраушы бір бөлшек қана болып, жақсы-жаманды ажыратарлық қауқар таба алмай қауқайып жүрген жоқпыз ба? Былайша айтқанда, Абайдың «жақсы менен жаманды айырмадың» дейтіні ХІХ ғасырдағы тобықтының ғана жайы емес.

Кеше жаман журналист боп ұйықтап, бүгін Гаррик ағам сияқты философ боп оянған жайым жоқ. «Ойшылдықтың» түп негізі Эйништейн де емес, сол баяғы таксиші ағайдың ақылгөйлігінен басталды ғой. Жер-жаһанға жамандық толып бара жатыр екен. Басшы-қосшы, сауда-саттық, дос-жаран, көрші-қолаң, қора-қопсы, ауыл-аймақ, көр-жер түгел жамандықтың шеңгелінен аман қалмапты. Мұндай «лас тірлікте» жақсы болып өмір сүру мүмкін емес көрінеді. Ағамыздікі түсінікті. Өз жамандығыңды ақтаудың ұтымды тәсілі. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген мақалға Абай Құнанбаев: «Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар, сұмдығын қостағалы айтқаны» деп ренжімейтін бе еді? Қазіргі абыздармен салыстырғанда, «алтын көрсе періште жолдан таядыны» айтқан адам ақылды екен. Қазіргі абыздар өзінің көрсеқызарлығын қостау үшін не айтпайды дейсіз.

Жә, «кожаң (терің) күшті екен десе, жалаңаш жүріптінің» керін келтірмейін, яғни, өзім ғана түсінетін данышпандығымды қайыра тұрып, бір ақылды кісінің не дегенін жеткізейін.

Құдай бізге кісінің мінін термеуді бұйырыпты. Адам бір әлсіз жаратылыс. Мін терсең, міндетті түрде шығады екен. Жақсылығын іздесең, ол да табылады-мыс. Біздң көз он жақсылықты емес, бір жамандықты көруге маманданыпты. Сондықтан, санамыздағы жақсылықтың үлесінен жамандықтың үлесі көп-дүр.

Құдай бізге не қиыншылық тартсаң да, өзіңнен көруді бұйырыпты. Жалаң ақылмен есептесек – теріс әрекетімізден, сеніммен есептесек – ниет-пейілімізден. Былайша айтқанда, жиылған күнәлардан. Түп негізіне қарасақ, бұл сынақ өмір. Сынақ өмірді сынақсыз қалай сүрмексің? Сынаққа сабыр етпесең, одан үлкеніне жолығасың. Заңдылық осы.

Құдай бізге өз басымызға жауап беруді бұйырыпты. Шенеуніктің құрылыстың жарты ақшасын жымқыруы – сенің кірпішті базардан емес, қожайынынан ұрлап арзадатып сатқан бригадирден алуыңды ақтай алмайды. Ол өз сазайын, сен өз сазайыңды тартасың. Сен пара бере алады екенсің, әкім де пара ала алады. Сен тыйыла алмасаң, ол неге тыйыла алу керек? Сен көршіңнің жайын, туысыңның қамын ойламайтын болсаң, министрдің де сенің қамыңды ойламауға құқығың бар. Оған өкілдікті патша берсе, саған туысты, көршіні тәңір қосты. Әйеліңді билей алмай отырып, елдің басшысына менің де, оның да, олардың да, іштің де, сырттың да көңілінен шық деп қай бетіңмен талап қоясың. Өзің жақсы болмасаң, кімге жақсы бола қой деп сөз өткізбексің.

Түптеп келгенде, көр-жерді жамандау – шындық айту емес. Өзгенің жамандығын адам өзі жақсы болғандықтан көрмейді. Пайғамбар сендер бір-бірлеріңді жақсы көрмесеңдер, иман келтірген болып саналмайсыңдар, жұмаққа кірмейсіңдер депті. Абай «адамзаттың бәрін сүй» дегенді соған сүйеніп айтты. Өйткені, Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Енді осыны сезіне тұрып, жаһанда жақсылық қалмады деу – жүрегімде жақсылық қалмады деумен бірдей болар. Эйнштейннің манағы «формуласына» салсақ, жамандық деген нәрсе жоқ, ол – жақсылықтың жоқтығы ғана.

P.S. Айтпақшы, бір топ дос-жар жігіттер «Жақсы» деген сайт ашамыз дегенде, затын көрмесек те, атына қатты қуанған ек. Білім күні іске қосылады екен. Шын мағынасындағы жақсылықтың жаршысы болар деген үмітпен оларға да тілеулестік білдірелік. Бәлкім, блогка лайықталған мына жазбамды түзеп-күзеп сайтқа саламыздеп қала ма J. Өздері жұмысты бастап кеткенге ұқсайды, күн санап жүр екен. Қараңызшы www.jaqsy.kz

9 responses to this post.

  1. Тіпті не жазарымды білмей отырғанымды-ай… Ойымнан дөп-дөп түсіп жатыр. Жұттың Мұрқа екеуімізді ұқсайды дегені тек көзілдірігімізге қатысты айтылмаған шығар деп мақтансаң, ә… Сөздің расы осы. Алып қосар жоқ. Қоғамдық сананың төңкерілгені де рас, Бір ағамның бейнелеп айтқанындай, «адамдар қазір қолмен жүр». Ал Жақсы сайтындағылар адамды аяғымен жүргізгісі келеді, ендеше сәттілік тілеп қояйық оларға

    Жауап беру

    • Не жазарыңды білмей отырғанның өзінде біраз жазыпсың ғой, Өркен құлыншақ 🙂 Мені казір адамдардың қолмен жүргенінен гөрі, видео неге көрінбей тұр деген сауал мазалап тұр )))))) Не білгенің бар ол жайлы?

      Жауап беру

  2. Жазбаны оқып отырып «тәп-тәтті кәмпит сорғандай болдық» Мейрембектің орындаушылығына тамсанған Алтынбек ағамша айтсақ. Қанша скромничать етсең де дәл бүгін ұйқыдан Гаррик ағаң ұсап тұрғаныңды мойындамасқа шарам болмай тұр.
    Жақсы ой. Жақсы пост. Жақсы күн! 🙂

    Жауап беру

  3. Posted by 5 on 2011/08/25 at 06:23

    қараңғылық деген түсінік қана бар, ал қараңғының өзі жоқ. Қараңғылық жарықтың жоқтығының кесірі. Суық деген де жоқ, ол жылудың жоқтығы дейтін бе еді?! РАс айтыпты ол балақай! ойлантарлық дүние!!! Айтпақшы —– Мынау Жақсы деген қашан жарыққа шығады екен а?!

    Жауап беру

  4. Жамандық – жақсылықтың қадірін ұғындыру үшін ғана, ауру денсаулықтың қадірін дегендей.,,

    Жауап беру

    • Posted by 5 on 2011/08/25 at 07:03

      ал сонда мынау жарыққа шыққалы жатқан «жақсы» деген газет пе, журнал ма!? жамандықтың бар екенін білдіру үшін бе?!хехе

      Жауап беру

  5. Жамандық болмаса оның жақсы екенін қайдан білер едік? Меніңше, жақсылық Жұмақтың тамшылары шығар, себебі осы өмірде кішкентай жақсылық көрсек төбеміз көкке жеткендей болады. егер амалымыз жақсы болса, ана дүниеде одан да зор жақсылыққа кенелеміз ғой. Ал, өзің жамандық жасаудан көз ашпасаң, қайдан жақсылық күтесің? Тіпті, Құранда да жақсылық пен жамандық, ер мен әйел, күн мен түн, жұмақ пен тозақ секілді ұғымдардың теңдей қайталанатыны жөнінде ақпараттар бар …Жалпы, қазір не ексек, соны орамыз ғой. Жақсылыққа жолығу үшін өзіміз де көп жасауымыз керек.

    Жауап беру

Пікір қалдыру