«Әкелер мен балалар» – 2


Жастар, яғни менің замандастарым тәуелсіздіктің алғашқы буыны деген аттың үдесінен қаншалықты шыға алады? Жарайды, сауалды сәл қарапайымдау қояйық. Жастардың арасында санасында саңылауы барлар көп пе, саңылаусыздар көп пе? Тіпті болмаса, айналама пайдам тимесе де, кедергі келтірмейінші деп ойлайтын қыз-жігіттердің үлес салмағы неше пайыз?

         Өткен жазбада әкелерге түңіліп ек, бұл жолы балаларға тықыр таянып тұр. «Алма ағашынан алысқа түспейді». Түсуі мүмкін, адам сілкісе, жел тұрса. Аға буынның қателігін қайталамас үшін бізге сондай бір екпін керек-ақ. Әзірге… шамамыз белгілі.

       Әрине, жігіттер бар. Жігері тасыған, құлдық санадан азат, білімді, ең бастысы – болашаққа сенеді. Бірақ, олар аз. Қазақтілді блогшылар секілді тым аз.

      Есесіне, ойсыздар жетіп артылады. «Біреудің миына кіріп шығып па ең» деп сөксеңіз, сөге беріңіз. Мен бәрібір бұл ойымнан қайтпаймын. Төбеден қарап тікірейіп отқандай болғым келмейді, бірақ, сонда да, айтам: «ойсыздар жетіп артылады».

      Күні кеше «халсөзник» Әсия «Оникс» тобының Алматыдағы жынойнағы туралы мақала жазды. Жыларман боп (Оқыңыз: Халық сөзі, №15 (56) 25/02/2011 ). Сол кеште сүйсіне қол соққандар қазақ өнеріне пысқырады дегенге сенбеймін. Ал әлдеқандай бір мутанттың қасында тұрып алып, қазақ мәдениетіне құбыжық көргендей жирене қарайтындар елдің ертеңі түгіл, кешесі мен бүгіні туралы да қауашағына артық ақпарат енгізгісі келе қоймас.

      Менің сүйікті мекемемдегі сүйікті бастығым сүйікті қаламдағы «іліп аларлық жастарды» іріктеуге әрекет етіп жүреді. Әлгі іріктелген «іліп аларлық жастардың» көбінің жұмыс уақытында «MuzZone», «МузТВ», «Музыка» секілді арналардың түгін қалдырмай түгендеп көріп шығатын әдеттері бар екен. Әрең қойдырдық. Бұдан былай тек үйге барғанда ғана көруге келісті. Содан бері кең кабинеттегі әлгі екі теледидар қосылмайтын боп жүр. Жұрттың сөзін айтады дегендердің жан құмары жыртық дауыс, жалаңаш кеуде клиптерден әрі аспайтын болса, өңгесінен не сұрайсыз?

      Іс-сапарлап жүріп, аты дардай бір облыстың ішкі істер департаментіне жол түсті. Қасымда әріптес әпкем бар. Күзетте тұрған екі жігіт бізбен салғылассын келіп (жоқ жерде террорист көргендей «қырағы» бола қалатын әдеті ғой олардың, әйтпесе, екі күннен бері бастықтың өзімен бірге кіріп-шығып жүрген бізді танымай қалды, яки күмәндана қалды деп айта алмайсыз). Майоры келіп, половнигі телефон соғып өтуін өттік. Тек әлгі екеудің «шашынан сүйреп шығару керек еді» деп сыбырласып қала бергені құлағымызды айналып өте алмады. Ауыздары жасаған апаттың сазайын олардың қалай тартқаны туралы айтпай-ақ қояйын, мына дөрекілік, намыссыздық, ұсақтық қатты бірдеңе қылды (қатты ойландырды, ашындырды, қан қысымымды көтерді, ұялтты – осы сөйлемнің соңына не сөз қоярымды таппай қалдым). Кім кімнің артынан не айтпай жатыр, тәйірі? Бірақ, үлкенге деген құрмет, қызға деген мәдениет, ең бастысы, қарапайым жұртқа деген дұрыс мәміле қайда? Аты дардай арнадан келді деген адамның шашынан сүйреуден тайынбай тұрған «погонды шырақ» шағым айтып келген қатардағы кісіге не айтпайды, не істемейді? Оларда сыйлау деген ұғым қалмаған, оның орнын қорқу деген сезім басып кеткен. Қорыққанынан істейді, қорыққанынан сыйлайды, қорыққанынан… Тағы туған-туысына «органда» істеймін деп мақтанады-ау сондайлар. Қандай орган ол? Құқық қорғау органы емес пе, құқық қорлау органы емес?!

      Тағы сол іс-сапар ғой. Перрон. Жолсерікке билетімді көрсетіп жатырмын. Жас жігіт. «Ой, бауырым, билет алып несін әуре боп жүрсің? Ақшасын маған бере салмадың ба? Жынды орын тауып берер едім ғой. Қыздармен еще… быды-быды…». Тағы бірдемелерді айтып міңгірлеп тұр. Қапелімде «смертельный» сөз таба алмай, жауап жарты жолда еске түсетін әдет бар ғой, сол заңдылық қайталанды ма, үндемедім. Билет кеш алынғандықтан әріптесім екеуміздікі бір вагон, бірақ бөлек купе. Екеуі де астыңғы орын. Демек, бір кісімен ауысып алуға болады. Қағаз жүзінде болмаса да, сөз жүзінде заңды болсын деген ниетпен қалауымызды жолсерікке айттық. «Үстіне қанша бересіңдер?» Мәссаған, не деген жемір мынау? Ақша сындырудың да сыпайы, тігісі білінбейтін түрлі тәсілдері бар ғой. Бұл болса… көзді бақырайтып қойып… Шығарып салуға келген кісі қаржы полициясының өкілі еді. Бір емес екі қайталанған ессіздік жайлы ол да естіді. Жол болсын айтып тұрып, жолсеріктерге құжатын көрсетіп үлгерді. Болды. Бар болғаны сол. Құжатын көрсетті. Біз жүріп кеттік. Жол бойы әлгі жемірдің құрдай жорғалағанын көрсеңіз. Оның жұмысы сол ғой. Жолаушыларға қызмет көрсету. Өкінішке қарай, ол да қорықса ғана жұмысын дұрыс істейді екен.

      Өркен, Рауан, мен – үшеуміз таксилетіп түнгі бірде қонақтан қайттық. Екі нүктеге 500-500 ден 1000-ға деп келістік. Бірінші нүктеден Өркен мен Рауан өздеріне тиісті тиындарын беріп түсіп қалды. Менің үйімнің тұсына келгенде таксист жігіт «екі досың төлеген жоқ» деп азар да безер боп,        тағы мыңды қағып алды. Арамызда анау-мынау дейтін бақал есеп жүрмейтін, бірақ, екеуінің де «хотя бы» ескертпестен ақы төлемей түсіп кете беретін «наглецтердің» қатарында емес екенін жақсы білсем де, таксист бірінші нүктеде болған төл сөз, төлеу сөздерді тізбелей отырып, «олар саған бүй деді, сен сүй дедің, сосын сен естімей қалдың, олар естіді деп ойлады, сенбесең өздеріне хабарлас» деп жатып мені сендірді.       Жарайды, осының бәрін қайдағы бір 500 теңге үшін мылжыңдап отырғандай көрініп қалсам да, істің мәні – менің алданғанымда. Яки, алдағанында. 500 емес, 5 теңге болса да. Ол жігіттің такси боп жүргені қандай жақсы болды. «Қолында зәкүн қуаты бар адам болса» 5 миллиардтарды жұту ол үшін түк емес секілді. Жоғарыда байқатпай, тігісін жатқызып жұту туралы айтып ем ғой. Шынында, мына жағдайлардан кейін аранын ашпай, жұтқыншағын қимылдатпай жұтатындарды аңсайды екенсің. Жүнің жығылып, еңсең түсіп қалады – ашықауыздығыңа. Қаның қарайып, жүйкең жұқарғандай болады – сондай жастардың бар екеніне. Шімірікпейтін, қорықпайтын (құдайдан), ұялмайтын, арам мен адалды білмейтін, тірлікте жасаған тозаңдай қиянаттың таудай боп алдынан шығарын сезінбейтін адамдардың бар екеніне. Жамандықты естіген бір бөлек те, көзбен көрген бір бөлек екен. Оның үлкен, кішісі болмайды. Жамандық дегеніміз – жамандық. Күнә дегеніміз – күнә. Болды. Басқа ештеңе емес.

     Бір күні дәріханаға бардым… Бір күні «СТО-ға» бардым…

     Тәптіштемей-ақ қояйын, бірінде жауапсыздық, дәрігерлік антқа қарсы әрекет, бірінде былапыт сөз, бейәдеп әңгіме. Күнәмен мақтан, арсыздықпен жарыс.

      Жастар десе, көз алдымызға бірді-екілі жастар ұйымдарының мүшелері, белсенді студенттер, жас журналистер тұра қалады. Олардағы сөз бен істің бірлігі өз алдына әңгіме. Ал өзге ортадағы жастардың кейпі, шамамен, міне осындай. Мен көргенімді ғана жаздым. Естігенімізді тізсек, елу есекке жүк болар. Әрине, бірді-екілі құмалақпен сары майдың сапасына әңгіме айту негізсіз көрінетін шығар, бірақ менің шындығым – осы.

      ПЫСЫ. Сол жастардың арасында төбе көрсетіп мен де жүрмін. Өзім лақтырған таяқтың бір ұшы өзіме тиіп жатса да, осы мәселеге үн қосқым келді. «Өзінің басындағы боқты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көрді» деп сөге жамандамассыздар. Еңбекқор жас бар, жалқау жас бар, өжет жас бар, жасық жас бар, епті жас бар, олақ жас бар. Ешбірі аштан өліп, көштен қалмас. Тек жүзден тоқсан тоғызының миына мемлекет, ұлт, тарих, болашақ деген ұғымдардың кіріп шықпайтыны қынжылтады да…

5 responses to this post.

  1. Posted by qisyq on 2011/03/02 at 12:14

    Рахмет, Мұрат. Айызым қанды оқып отырып мақаланы жазылу техникасына:)
    Дұрыс айтасың, қазір орыстілділер “быдло”, “колхозник”, “сайгаки” деп тілдеп, мұрын шүйіріп жататын, күмп-күмп етіп мақтанатын тәрбиелігімізді, анда да, мұнда да айтып тізесін шығарып жіберген ұяңдығымызды быт-шыт еткен қазақтілді жастар көбейіп кетті. “Е! Бер кел, е, шшң /немесе әкеңң, немесе анаңң/” деп құлақ-шекеден бір қойып, қалтаңдағыны қағып кететін Қазақтың жігітіне не дейсің?

    Бірақ, мұндайлар бұрын да болған. Қазір де бар. Болашақта да болады. Ат төбеліндей ұлттты құрдымға я қияға бағыттар биліктің артынан еретін тобыр дегеніміз осылар. Арасында өзіміз де бармыз…

    Жауап беру

    • Сіз секілді жігіттердің барына шукір, Димеке. Негізі қу шөпті майлық қылғым келмеген, бірак соңғы кездің өзінде кезіккен 3-4 мысал көңіл-күйімді сондай ауанға аууға мәжбүрледі. Біздің мойнымызда міндет көп, бірақ оны атқара алу… білмеймін… бөлек әңгіме (Өзіме көп алып қойдым ба?🙂 )

      Жауап беру

  2. Posted by Ерлан on 2011/03/03 at 12:14

    Омир. Выжывание.

    Жауап беру

  3. Posted by Makpal on 2011/03/05 at 13:54

    Макалаң гажап! Бір сурак?.. Жазу стилі… жазу формасы… Кім кімге еліктеп жур… Оркен екеуіндікі уксап барады, байкашы… /муны тырнак астынан кир іздеу дейді негізі… сонда да../

    Жауап беру

    • Енді… бірге такси ұстап, бірге алданып жүрген соң… сынықтан басқаның бәрі жұғады да…
      Жарайды, байқайын, бірақ “именно” қай тырнақтың астында кір бар екенін айтып “падысказкы” беріп қойсаң🙂

      Жауап беру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: