Қағаздан жасалған қоғам…


     Қағазбастылық. Біздің мемлекетте ғана солай ма екен, әлде, басқа елдер де осы дертпен сырқаттанған ба? Өзім Тәшкеннен басқа шетел көрмегесін, оның үстіне, орыс тілін сөздікпен, ағылшын тілін «судайдың» кері сипатында жақсы білгесін бұл сұрақтың соңғы әрі нақты жауабын білмеймін. Бірақ сол алыс-жақын шетелдердің қай-қайсысы болмасын осы мәселеге келгенде біздің қасымызда жіп немесе арқан есе алады дегенге күмәнім бар. 

      Айтпақшы, аса мәртебелі қағазбастылықтың екінші, тіпті үшінші есімі бар – асыра сілтеу, «шаш ал десе, бас алу». Рас, адамға, сөзге, шындыққа, адалдыққа сенуден қалған қоғамға сенуге тұратын бір нәрсе керек, мәселен бір замандардағы тасқұдайлар секілді. Қазір – қағаз. Жазуы бар, жазуы жоқ, қолы бар, қолы жоқ, мөрі бар, мөрі жоқ…. әйтеуір қағаз. Орта ғасырларда Еуропа шіркеулері индульгенция дегенді ойлап тапқан. Әлгі бір парақ қағазды сатып алсаңыз, күнәңіздің бәрі күйіп кетеді, жұмақ «гарантия». Ал біздегі бір тілім қағаз, әй, индульгенциядан да құнды-ау.

      Студент кезімізде күнде көріп көзіміз жауыр, жүзіміз таныс болған күзетшілер қолымызда студенттік билетіміз болмаса, университетке кіргізбейтін. Әрі сол өкілеттіліктерін дәп бір жарылғыш қаруы бар террориспен күресіп жатқандай құлшыныспен жүзеге асыратын. (Ол билетті ұстап жүргеніңе үш жыл болған, қабы төрт рет ауыстырылып, суреті алты рет қайта жапсырылған, жыртығы «скотчпен» оқшауландырып, бірнеше рет сабын сумен «дезинфекциялаған» (киіммен бірге жуылып кетіп). Ол байғұстың да үш жылда кемі екі-үш рет үйде қалып кетуге құқығы бар ғой. Бірақ дәл сол күні күнде көріп жүрген кондукторың елу теңгеңді қағып алады.) Менің қағазбастылыққа деген өкпемнің плитканың үстіне қоятын кішкене студенттік қазаннан дәу қара тайқазанға айналуы сол кездерде басталған. Сөйтсем, ол бастамасы ғана екен…

      Күндердің күнінде жеке куәлігімді ауыстырмақ болып Бостандық ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына (соны халықтың құжат берушілерге қызмет көрсету орталығы деп атаған жөн ау деймін) бардым. Барғанда да, дайындықсыз бара салған жоқпын, құжатымның жоғалғанын, қайда тұратынымды айғақтайтын бір қора қағазды ала бардым. Айтқызбай білетін кісі болғандағы түрім. Бірақ арқалап апарғанымның жартысы жарамсыз боп шықты. Ауылдан тағы бір қорасын айдап келуім керек екен. Оған да көндік, бәрінің де заңға сәйкес болғаны жақсы ғой. Араға ай салып ауылдың қағаздары да жетті-ау. Әйдә, кіріс.  Мені мұнда «құжаттың қалай жоғалғаны туралы орыс тілінде түсіндірме жазу» деген алапат қиындық күтіп тұр екен. Қазақша толтыруға болмайды, себебі бланкі жоқ. Сонда кезек күтіп тұрған бес-алты қазақ жабылып жатып оны да толтырдық. Амал не, еңбек зая кетті, «аказыбайытса» менің төлқұжатым қазақша, түсініктеме де мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Орысша жазғаным жарамайды. Оны да қатырдық. Бірақ мен бейбақ жайшылықта айтатын өтірігімді айтпай, құжатым ұрланған деп шындықты жазыппын. Қайта жазбасам, қағазым жайына қалып, істі полицияға жібермек. «Көкек айында көкке шыққанда, көк шөптің үстінде ойнап жүріп, көк кәстөмімнің қалтасынан көк қағаздың қалай түсіп қалғанын байқамай қалыппын» деген секілді өтіріктерді армансыз ысқырттық сосын. Айтпақшы, жаңа құжатқа керек он қағаздың соңғысы учаскелік инспектордың мінездемесі. Инспектор ол мінездемені жазу үшін комендаттың мінездемесіне жұмсайды….

      Қысқасы, қағазға қатысты жүйенің бәрі адамдардың уақытын алып, жүйкесін жаздық көйлек секілді жұқартуға негізделген және ол қолдан жасалған. Менің төлқұжатыма менің комендантымның мен туралы пікірінің не қатысы бар? Өз басым біреуге біреудің мінездеме жазғанын көрген жоқпын, сосын «пәленше жақсы адам емес» деген мінездемені де осы уақытқа дейін байқамаппын. Ақыр аяғы өзім жазған сол мінездеменің өзі екі күнімді зая етті. Қалғанын есептемей-ақ қояйын… Сөйтсем, мұның бәрін ойнап жүріп бітіргенге есеп екен. Егер өмірден күдер үзгіңіз келсе, жеке кәсіп ашқысы келгендердің, үйіне мемлекеттік акті алмақ болғандардың әңгімесін тыңдаңыз. Жарты жыл, бір жыл бос сандалыс. Тәртіп орнатып жатқансиды, алаяқтықтың алдын аламыз деп ойлайды, өздерінің тәртіпті бұзып жатқандарымен, алаяқтық, парақорлыққа жол ашып жатқандарымен шаруалары жоқ.

      Мәселен, мұғалімнің өтетін сабағынан толтыратын қағазы көп. Ұстаздан білім талап етпейді, план талап етеді. Күнтізбелік жоспар, тақырыптық жоспар, ашық сабақтар жоспары, жабық сабақтар жоспары, бәле-батар, қиқым-сиқым… есеп-қисап.

      Аурухананың дәлізінде бір науқас қатты жатыр. Қарайтын бір адам жоқ. Өйткені оның біріншіден «направлениесі» жоқ, екіншіден ақшасы жоқ.  

      Досымның інісі айына үш мың доллар төлеп ақылы бөлімде оқып жүр. Сабаққа бармайды. Бастысы, диплом алсам болды дейді.

      Кондуктор зейнеткер екенін айғақтайтын қағазын өзімен алып жүрмегені үшін қалт-құлт етен әжені аямай сыбады. «Сақалыма сенесің бе, есегіме сенесіңбенің» кері.

      Заңы көп, орындаушысы аз елде қағаз жинау мен құжат толтырудың 250 пайызға артығымен орындалатыны несі екен? Қағаз шұғаждың көлемі қалтадағы көк қағаздың көлеміне кері пропорционал болатыны да жауабы айқын, бірақ шешілмейтін математикалық есеп.

      Еңсесі биік елу елдің қатарына да кіреміз жақында сол тау-тау есеп-қисабымызбен. Ішкі жалапы өнім, айлық есептік көрсеткіш, орташа жалақы тым жоғары бізде өйткені. Бірақ, қағаз тілінде. Қазақ тілі де қағаз тілінде сайрап тұр.

      Қағаздан жасалған қоғамның тұтануы да оңай-ау, ә?

6 responses to this post.

  1. Қағаздан жасалған қоғамның тұтануы да оңай-ау, ә? Айтарға сөзім жоқ, Мұрат, өзі сөз таусылатыны сияқты қағаздың да таусылатын күні туатын шығар, ә

    Жауап беру

  2. Қағаз тақияға тар келіп, қазір бәрі электрондыға көшіп, кейбіреуі көшкелі жатыр. Сосын мойындарына флешка таққан ата-әжелерді де кездестіреміз…

    Жауап беру

  3. Бәрі электронға көшсе екен. Әсіресе мұғалімдерге қиын. Қаншама қағаздарды құшақтап жүреді ғой.

    Жауап беру

Пікір қалдыру