ӨРКЕНИЕТ: шанышқыны қай қолға ұстайсыз?


Біз – мұсылманбыз. Әйтеуір бір сенім иесі болу керектіктен мұсылман болған жоқпыз, иман келтіргендіктен мұсылман болдық. Ал иман деген не? Иман деген – ғайыпқа сену. Жаратушының құдіретін жүрекпен түйсіну. Оның Өзіне, Елшісіне, Кітабына, періштелерге, ақыретке, тағдырға күмәнсіз илану. Бірақ Абай айтатындай, сенің сеніп қана қойғаның Құдайға керек емес, сол сенімді «практикавать» ету. Бұл жерде ғибадатты айтып тұрғам жоқ, ол өз алдына бөлек әңгіме, көз алдыңдағы өмір-тіршіліктің бәрі Алланың заңдылығымен жүзеге асып тұрғанын ұғыну. Хақтың үкімдері барлық заман, барлық мекенге жарамды, жарамды ғана емес, маңызды екенін білу. Діни ритуалдар мен мешітке кіргеннен қайтып шығып кеткенге дейінгі амалдарды ғана Алланың бұйрығына бағындырып, өзге тірлікте естен шығарудан сақтану.

Мұның бәрі – айтылып жүрген әңгіме. Демек, айтпағым бұл емес. Бірақ айтылып жүрген әңгімені, айтпағым ол болмаса да, қайталап айтып жатқан себебім – өз пікірімді «тықпаламас» бұрын Сіздердің оны қолдай кетулеріңіз үшін алғышарт тудыру. (Сәл шыдасаңыз, негізгі әңгімеге де жетіп қаламыз.)

Демек, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», ал «рас сөз ешқашанда жалған болмас». Діндегі үкімдерде ұсақ-түйек жоқ. Қандай нәрсеге бұйырылсақ та, ол бұйрықтарда біз үшін тек пайда ғана бар. Алайда ол пайданы ақылмен тауып, оймен есептей алмауымыз мүмкін. Ондай олжаға баста айтып кеткен иманмен ғана иланамыз.

Кәнігі қазақ журналистикасына лайық әдеппен араға үш абзац салып, тақырыпқа келейік. Өркениет. Қызық. Кейде отыра қалып ойланам. Біз өркениет деп ойлап немесе жасап жүрген әрекеттер діндегі кейбір бұйрық, ұсыныстарға тікелей қарсы келеді екен. Дәп бір әдейі істелгендей.

«Сен­дердің біреулерің тамақ жегісі келсе, оң қолымен алып жесін, егер ішкісі келсе оң қолымен алып ішсін, расында шайтан сол қолымен жейді және сол қолымен ішеді». Хадис, яғни, Пайғамбар сөзі. Тағы бір хадисте сол қолмен тамақтанудың жүректі қарайтатын бес нәрсенің қатарына кіретіні айтылған. Кейбір ғалымдар мұны – мәкруһ десе, кейбірі харам дейді.

Біз бұған аса мән бермейміз. Ұсақ-түйек санаймыз. Кей жерлерде әдейілеп тұрып сол қолмен тамақтанамыз. Өркениетті болып көріну үшін. Өйткені жазылмаған заң бар. Шанышқы – сол қолда, пышақ – оң қолда. Пышақпен жемейтініңіз түсінікті. Әлем мойындаған мәдениет. Қарсыласпаққа дәрменіңіз жоқ. Неге сол қолмен? Оң қолмен шаншып алып, ауызға тоғыту ыңғайлы емес пе? Түсініксіз. Сол қолмен жеу керек. Айттым, бітті. (Оқушы кезімде кафе-ресторанға барудан қатты қысылатынмын. Шанышқыны сол қолмен ұстауға икемім келмей-ақ қойды. Бітіру кешінде дұрыстап тамақ та жей алмағам. Сонда сок ішіп отырып, жазда үйде сол қолмен тамақ ішіп үйренбесем. Әйтпесе студент кезде масқара болам ғой деп ойлағаным есімде.)

Оң жаққа көңіл бөлу – Исламдағы негізгі әдептің бірі болып саналады. Киімді оң жақтан бастап киеді. Оң жақтағы кісіні бірінші өткізеді. Оң қолмен тамақтанады. Намазда оң жаққа бірінші сәлем береді. Үйге оң аяқпен кіреді. Дәретханадан оң аяқпен шығады (сол аяқпен кіреді).

Қызыл Армияның кезінен келе жатқан заңдылық – сарбаздар саптық жүрісті әрдайым сол аяқтан бастайды. Неге сол аяқтан бастайды? Түсініксіз. Себебін білсеңіздер айтып жіберерсіздер (Өркен, сен «тошна» білетін шығарсың :)).

Дінімізде мұқтаж немесе мәжбүр болмаса, үйде ит ұстауға тыйым салған. Хадисте: «Аңшылық пен күзеттен басқа мақсатқа ұсталған ит адам өмірін екі мысқалға кемітеді» делінген. Мұны иттің терісі мен тілінде болатын улы заттармен де түсіндіруге болады. «Біреулеріңнің ыдысыңа ит тиген болса, жеті рет жуып, оның бірін құммен тазалаңдар» деген мағынадағы, ит бар үйге рахмет періштелерінің кірмейтіні туралы хадистерді оқып, біліп жүрміз.

Өркениетте ит ұстау – сән. Оларды сәндеп киіндіріп, «шаштарын» күзеп, шомылдырып, жаныңа ертіп жүру – жоғары мәдениеттің белгісі. Күшік ұсап клипке түссең, сылқымырақ көрінесің. Алдыңды ит кесіп өтсе, жолың болады дейтін ырымдар да кең қолданысқа, жоғары сенімге ие болып кеткен. Қысқасы, ит жаман десең, бәлеге анық қалайын деп тұрсың.

Осы ретте мысық туралы да айта кету керек. Пайғамбарымыз мысықты өте жақсы көрген екен дегенді жиі естиміз. Алдыңнан мысық өтсе, жолың болмайды дегесін бе, көбіміз ол бишараны жақтыртпаймыз.

Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Он нәрсе фитра (Пайғамбарлар сүннеті) болып табылады…» дей келіп, соның алғашқысына мұртты қысқарту, сақалды өсіруді айтқан. «Отқа табынушыларға ұқсамаңдар, мұрттарыңды қысқартып, сақалдарыңды бос жіберіңдер» деген де хадис бар. Сақалдың әр талында періште отырады дегенді бала күнімізден еститінбіз.

Кеңес өкіметі кезінде мұрт қою сәнге айналды. Батырлар мен хандарды айтпағанда, кейінгі Махамбет, Абай, Ыбырайларды айтпағанда, өткен ғасыр басындағы Шәкәрім, Ахметтерге дейін сақал қою үрдісі сақталып келді де, соғысан кейін сап тыйылды. Керісінше, мұрт өсіре бастадық. Еуропада да солай. Қаулап өскен мұрт. Маркстың ақылы, Энгельстің өресі жетпеген сақал алуға Батыс оп-оңай көшіп кетті. Аказыбайытса, иектің астындағы түк жиіркенішті екен де, еріннің үстіндегі түк сүп-сүйкімді екен. Өркение соны ұқтырып берді.

Бір сағаттық кіріспені неге қосқанымды түсінген боларсыз. Жаратушы Ерекше Мейірімді. Ол құлдарына тек жақсы болғанын қалайды. Пайдалы нәрсені ғана бұйырады. Егер осындай түсінік болмаса, жоғарыдағы кереғарлыққа мән бермеуіміз де мүмкін еді. Мән бердік. Мән берген соң айттық. Қолдан жасалғандай көрінетін ондай қайшылық толып жатыр.

ПЫСЫ: Қысқа жазуға тырып ем, кіріспенің есебінен тағы да созып алдым. Кешірім өтіне отырып, ойымда жүрген мысалдардың кейбірін ғана салғанымды, Алла қаласа, жалғасуы мүмкін екенін хабарлаймын.

5 responses to this post.

  1. Елдің барлығы сен сияқты ойлай бермейді ғой. 🙂 Әр саланың өзінің қалыптасып қалған заңдылықтары бар, ол барлық адамзатқа бірдей. Жер шарында көптеген адамдар өзін дінсіз, тілсіз, жалпы ешқандай мемлекетке, территорияға жатпайтын АДАМ-мын деп есептейді. Ғаламторда көптеп кездестіріп жүрмін соңғы кездері.

    Жауап беру

    • Ондайлар бар. Бірақ санаулы ғана. Бірақ, жаманаттың тез тарайтыны секілді, олардың саны аз болғанмен, аты алыстан естіліп жүреді. Оларға қызығудың тіпті де қажеті жоқ. Олар өздерін өркениеттің шыңындамыз деп есептейді. Шыңында бола берсін. Бірақ олар бәрібір Құдайдың заңына бағынады. Аяқпен жүреді, қолмен ұстайды, ауызбен ішеді, артпен құсады. Әлі бірде бір пенденің керісінше істеуге шамасы келген жоқ. Бірде бір адам «б» деген әріпті екі ернін тигізбей айта алған емес. Ал ол заңның Иесі кім? Кездейсоқ теориясы ма? Тартылыс күші ма? Сондықтан ондай самозванецтердікі өз өтіріктеріне өздері сенген просто понт.

      Жауап беру

  2. Posted by Тәржіман on 2011/03/29 at 04:11

    Осыдан соң бізге «мұрт пен сақалды қалай қою және күту керек» деген тақырыпта блог пост жазу қажет сияқты

    Жауап беру

  3. Posted by Гауһар on 2011/03/30 at 09:55

    Маш Аллах!!! Коптің көкейінде журген жайтты жазыпсыз. Қаламыңыз қарыштай берсін!!!

    Жауап беру

Пікір қалдыру