«Әкелер мен балалар»


                                                                                                                                                                               Задында, жазу үстеліне отырған сәттегі ниетім соңғы уақытта куә болған екі-үш жайтты тұздық ете отырып, замандастарымның кейбір қылықтарына өкпе айту болатын. Ол ойымнан айныған жоқпын, тек балаларды сыбап алмас бұрын әкелерді сынап алайын деген тоқтамға келдім.

     Мәймөңкелемей, монтансымай, шындықтың бетіне ғана емес, кез-келген жеріне тура қарап сөйлесек, «кейінгі толқын інілер» «алдыңғы толқын ағаларға» әсте риза емес. Қалыптасқан шаблон бойынша, керісінше болуы тиіс еді. Әкелердің балаларға, қарттардың жастарға көңілтолмастықпен қарауы бағзы замандардан келе жатқан үйреншікті құбылыс. Бәленбай мың жыл бұрығы папирустардан «жастар бұзылып барады» деген жазу табылыпты деп ол құбылыстың мәңліктігін дәлелдеп те тастағанбыз.

      Ал менің айтып отырғаным – біз, жастар, үлкендерге наразымыз.

      Үлкендер дегенде, өз басым, алдымен көз алдыма зиялы аталатын қауымды елестетемін. Кеңес өкіметінің көзіндей болған жарықтықтардың көзін көріп, қолын алып, сөзін тыңдағанымыз үшін қуаныштымыз. Ақыны бар, жазушысы бар, ғалымы бар – қазақ руханиятына еңбек сіңірген тұлғалар ғой олар. Бірақ, көбінің (пашти бәрінің) жалынды сөздері, өнегелі өсиеттері кітап ішінде қалып қойды ма деп күмәнданам. Жағымпаз ақын, жасқаншақ жазушы, атаққұмар ғалым қалай ғана ұлттың тәрбиешісі болмақ? Ұлт түгіл, үйіндегі ұлы мен қызын тәрбиелеуге шамасы келмегендер алашқа ақыл айтпақ па? Аттарын атасақ, біреудің күнәсін қазған боламыз (оның үстіне кейбірі бақилық боп кетті), бала-шағасы әкелері жазған шығармаларды оқымақ түгіл, ауызекі сөзді білмейді. Бұрын ойлаушы ем, бірен-сараны ғана сондай шығар деп. «Жүре берсең, көре бересің», ондайлар тым көп екен. Бірінің ұлы – Иегова куәгері, бірінің қызы – кришнайт, бірінің немересі – нашақор, бірінің жиені – маскүнем. «Барлық адам қателесуші» (хадис), мінсіз пенде болмайды, бірақ сөз бен істің бірлігі деген ұғым бар емес пе?

     «Олар елдің қамымен жүріп бала тәрбиесіне уақыт бөле алмады» деп ақтасақ та, «орта сондай болды, заман сондай болды, жеке бастағы кемшіліктерді олар тудырған туындылар жуып-шаяды ғой» деп жақтасақ та болады. Көп жерде сол позицияны өзім де ұстанамын. Дегенмен, өзің алмаған ақылды өзгеге таңғанмен, ол сіңе ме? Сіңбейді ғой. Ішіне пышақ айналмайтын адамның кеңдік туралы, көлеңкесінен қорқатын кісінің ерлік туралы, қудың адалдық, арсыздың адамдық туралы жазғаны басқа жүректі жарылқап, кірбіңнен аршиды дегенге сенбеймін өз басым.

      Зиялы қауымның ұлттық сана, ұлттық сана деп ұлттық сананы, тарихи жады, тарихи жады деп тарихи жадыны, мемлекеттік тіл, мемлекеттік тіл деп мемлекеттік тілді оята алмай жатқаны да – сол өздері лайық болмаған сөзді айтып, сіңдіре алмағанның салдары ма деп қалам.

      «Қақаған суықта» халқына қарсы сөз айтқан әртіс, өзгеге жағынам деп қазағын жамандаған ақын, ел бірлігін бұзбаймын деп жанын салған жанды биіктен қарайтын кісімсіп, әжуалаған жөрнәліс, немересіндей қыздарға қырғидай тиген академик, жастардың мешітке барғанын қауіп көрген профессор… жә, қойшы…

      Үлкендер дегенде, астында өңкиген қара орындығы, қолында мөрі бар шенеунік ағалар да еске түседі. Бірі шама келгенше, адал істегісі келеді, бірі шама келгенше алудың амалын жасайды, бірі ұялып, бірі қорқып, бірі жауапты, бірі жауапсыз – әйтеуір осы мемлекеттің шаруасын тындырып жүрген солар. Айғайға аттан қосып, кім жаман, шенеунік жаманның заманы өткен. Жұмыстарының қиын екенін өте қатты түсінгіміз келеді. Бірақ, бәрібір, бала-шағаның қамынан аса алмайтын күйбек тірлік олардікі де. Бәрінікі деп айыпты болмай-ақ қояйын, көбінікі. Алдымдағы шаруам тынса, күнім өтсе, орным сақталса. Одан ары кетсе, абыройым асқақ, мерейім үстем болса, өзімнен үстемдердің алдында сүйкімім кетпесе. Бірен-сараны ойлауы мүмкін халыққа да сүйкімді болудың артықтығы жоқ екенін. Әрі-беріден соң ол сүйкім де ­– қара басқа қажет қам. Олардың қатарына кейде өтімсіз арзан «пиарды» серік ететін «халыққолды» шенеуніктерді жатқызса болады.

      Айналып келгенде, «осы мемлекеттің ертеңі маған тіреліп тұр, мен қимылдамасам болмайды» деген кең мағынасындағы жауапкершілікті сезініп, қағаз-щұғажынан бөлек бір әрекет етіп жүрген адам таппай қиналасың. Бәлкім бар да шығар. Бірақ тошна көп емес. Жанашыры көп мемлекеттің сиқы манадай болмайды…

     Бар әңгіме үлкендер дегеннен шықты ғой. Ауылда қарттар бар. Қатты айтсам, қызынып отыр деп ойлаңыздар, қазынасыз қарттар. Кәкір-шүкір, қора-қопсының айналасын сөз қып, ары кеткенде, саясатты сынап барып тоқтайтын, көп жасаса да, көпті көргеннің сөзін айта алмайтын аталар көп. Ауылда ағалар да бар.  Ауылда деймін-ау, қалада да толып жатыр. Құрылыста істейді, такси айдайды, күзетші болады, мал өсіреді, егін егеді – мәселе еңбекқорлықта немесе жалқаулықта емес. Дұрыс ойлауда, есті сөйлеуде. Үлгі болуда, түптеп келгенде. Тілде өтірік, ғайбат, боқтық, ауызда «перегар», ойда өзгеге деген бақастық, кеудеде «менен басқаның бәрі жаман» дейтін көңілтолмастық, сасықкөкірек. Әрине, мұның бәрі бір адамға жиналып қалған демеймін, бірақ елді-жұртты аралап, әркім-әркіммен сөйлесіп жүргенде түйгенім – осы. Қоғамдық, ұлттық, мемлекеттік деңгейде ойлайтын  үлкен жоқ па, әлде бәрі тек іштерінен қам жеп, ойша қиналып, сыртқа тек бейқам, дарақы кейіптерін көрсете ме? Ол жағына өреміз жетпеді.

     Енді бір ағалар бар. Ауыр жүкті көтергісі-ақ келеді. Жауапкершілікті сезінгісі-ақ келеді. Бірақ олардың арасына (кім екені белгісіз, біреу) от сап қойған. Бір-бірінің аңысын аңдып, бір-бірінің кемшілігін теріп, бір-бірінен күмәнданып уақыттары зая болуда. Бірін-бірі жау көру, өзіне емес, артында тұрған белгісіз бір «күштерге» ой жүгіртіп, сақтық немесе кедергі жасау – асқан көрегендіктің, даналықтың белгісіне айналған бұ күні. Санаулы тазға ерген азғантай жастың ойын сан-саққа бөліп, бірліктерінің берекесін қашырып бітетін – сол әсірекөрегендіктер мен зиянды даналықтар!

      Осыдан соң «алдыңғы толқынға» қай бетімізбен риза боламыз?

      ПЫСЫ: Түйені түгімен, жүгімен сынаған мынау қайдан шыққан дәу дерсіз. Жастар бірдемені қатырып жатып па дерсіз. Дей беріңіз. Жауабым дайын. Көп атынан сөйлемей-ақ қояйын, өзім басым ештеңені қатырып жатқан жоқпын. Ал замандастарым туралы ойларымды келесі жазбама қалдырдым. Алла жазса, оны да оқып қаларсыздар…       

6 responses to this post.

  1. Бұл мақаланың түйін мақалы “Алдыңғы арба қайда барса…” деп басталып, алма ағашы мен жемісі туралы мысалмен бітер еді. Шын ғой, балаң кезімізде кітабын оқып, күнде телебездерден түкірігі шашырап тұрып сөйлейтін ағалар мен әпкелерді періштедей көруші едік қой (астапыралла). Періштедей… Кейін алыстан бір көрдік, жақыннан.. гримсіз түрін, мас болғандағы мылжыңын тыңдадық, боқтық айтатынын, жалтақтығын, ішетінін, тыш…н көрдік дегендей. Көңідін қалады екен. Жұлдыз әпкемнің “Қазақ зиялыларына қапамын” дегені еске түседі. Біз жаман болсақ, бір ұшығы сол үлкендердің кінәсі деп білеміз. Сондықтан, біздің алдыңғы буынның ауруын жұқтырудан қашып, барынша адал, артық болуымыз керек

    Жауап беру

    • Алдыңғы арба туралы мақалды айтайын деп айтпай қалдым. Қазір әркім өзінше дөңгелеген заман ғой. Алма туралы мысалмен екінші бөлімді бастап қойғам. Ойымыздың бір жерден шыққанын айтам да.

      Жауап беру

  2. Posted by qisyq on 2011/02/27 at 09:46

    Ұнады. Жақсы талдапсың. Енді келесі жазбаңды ұылтыңдап күтіп жүретін болдық…)

    Жауап беру

  3. Әдемі. Жарайсың! Сақалсыз шалдарды көріп, макалсыз әжелерімізді көріп өзіміз де күйніп жүрген жайымыз бар. Алла жар босын!

    Жауап беру

  4. Posted by Шет елден on 2011/03/01 at 12:41

    Алла разы болсын! Сенің қатарыңдағы (достарың) журналистердің жазбаларын көріп, таңқалып, тамсанып жүрмін. Жазарларың көп болсын!
    Рас айтасың!1. Өзім кітаппен (роман)аса дос емес едім. Соңғы кезде достасайын деп, бір екеуін оқысам, бір Алла деп бастап, арасында аруақ деп қойып қалады. Екінші бірінде, біреудің керемет ісін көрсету үшін орысты мақтайды кеп. 2. Елде жүргенде этнографияны зерттеп жүрген кәріс кісі кеп, аудармаға барғанмын. Бір әдебиетті зерттеуші ағамыз қазақ жерінде шаманизм болған, оны фольклордан көруге болады, анадан көруге болады деп соғып отыр. Ұмай ана дегенді естіген боларсың деген сияқты шаманизмді іздеп келген кәріске “ағынан жарылып отыр”. Кейін өз пікірімді алға тартып, қазақ жерінде шаманизм болмаған, ислам дінін ұстанып келді десем, тыжырынып жақтырмаған кейіп танытты. Мен де естігенімнен шошынып, қайтып кеттім.

    Жауап беру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: