Мейрамбек қалай жақсы әнші болды?


     Бозторғай, б-о-о-з-т-о-рғай…
     Оның балаң даусы 90-жылдардың басында-ақ тыңдарманды баурап алды. Баурап алды дейтіндей, оны жата-жастана тыңдайтындар аса көп болмаған да шығар, бірақ танымайтын адам кемде-кем еді. Біздің замандастардың арасында оның газетке шыққан ақ-қара түсті суретін төсегінің басына іліп қоятындар да табылды. Небары 14-15 жасында мұндай құрметке ол қалай ие болды?                               

Көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып,
Өмір өтті-ау сырғып ағып, сырғып ағып…
        Әкетіп бара жатқан дауыс жоқ. Микрофонды жарып жіберердей жаңғырған бір алапат үн де жоқ. Бірақ айтқаны құлақтарды, сосын жүректерді жаңылыспай тауып алады. Үйде болсын, түзде болсын, жолда, тойда… Өйткені, ол – жақсы әнші. Неге?

      Рас, неге деген бір оғаш сұрақ боп естілуі мүмкін. Жақсы әнші дегеніміз – жақсы әнші, неге дері бар ма? Бар. Әнді әдемі айту үшін де себеп керек пе? Керек. Ол Алланың берген дарыны емес пе? Иә, дарыны, ал дарын тағдыр арқылы ғана көрінбек. Тағдыр себепке құрылады.
     Осы ортада екі нәрсенің басын ашып алмақ керек. Жақсы әнші және танымал әнші. Жақсы әнші танымал болмауы мүмкін, танымалдың бәрін жақсы деп және айта алмаймыз. Ол түсінікті.
     «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған». Сұқбаттарында Мейрамбек өзіне өнердің ана сүті, әке қанымен дарығанын айтады. Демек, ол туылғанда-ақ генінде ән салатын клеткалар болған. Осы тума дарын қаршадай ұлды сахнаға сүйреп (яки, жетелеп) алып шықса керек. Бірақ, кімнің ата-бабасы әнші болмаған, кім үш жасында тақпақ айтпаған, тәйірі?
       Беспаевтың Беспаев болуының басқа да себептері болуы мүмкін. Соның бірі, мәселен, оның музыкалық ортада өскені.
       Осы тұста ұстазы Алтынбек Қоразбаевтың да еңбегі атап өтуге әбден тұрарлық. Жетелеп жүрді, жетілдірді. Сол «жүрістер» барысында «қара» феномені Алтынбектің ғана емес, Мейрамбектің де атына теліне бастады. «Қатпа қара баламын, Тағдырыма наламын, Анамды іздеп әр таңда Аңсап әнге саламын…» Рас, Мейрамбектің репертуары сол кездің өзінде-ақ жұпыны емес еді. «Кеш жарық», «Ақ дегелек», «Қоштасқым келмейді», «Сағындым: Алматымды, Кенен атамды, Туған жерді» секілді әндерді жиі-ақ орындап жүрді. Бірақ жұрттың есінде қалғаны баяғы – «Бозторғай» немесе «Қара бала». Басында құндыз бөркі, қолында үкілі домбырасы, көзінде мөлдір мұңы бар қаршадай балаға көбі аяушылықпен қарайтын. Жетім екен, балар үйінде өсіпті деп жанашырлық білдіретін. Өйткені ол әнді ата-анасы, іні-қарындастары бар бақытты Мейрамбек емес, сол жетімектің өзі болып айтатын. Қазір күніне жүз қайталанатын «жүрекпен айту», «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген жалған-шыны аралас «жүрекжардымыздың» шынайы мысалы сол болатын. Сондықтан ән де, әнші де есте қалды. Әйтпесе, әннің әкетіп бара жатқан әуені жоқ. Жеті буынды ырғақ төрт тармақта да сәл-пәл өзгеріске түсіп қайталанып отырады. Араға екі шумақ салып, барлық нота жарты актаваға (?) көтеріледі. Бары сол. Сөзі де – айтылып, көтеріліп жүрген проблема. Айтар жоқ, мұңды әуенге қосылып төбе құйқаңды шымырлататын тұстары да жетерлік.
         Хош, сонымен, осы әннің арқасында Мейрамбек танымал «қара балаға» айналып шыға келді. Жүрекке жеткізе білгені – бір, тыңдаушының аяушылығын оятқаны – екі. Үшіншісі…
         Үшіншісі, жалпы сахна мен экранға қатысы бар өнер атаулыда маңызды бір компонент бар – көз, жанар деген. Киноға түсетін актерді де, хабар жүргізетін дикторды да көбіне көзіне қарап таңдайды. Ағы күлсе де, қарасы тұнжырап тұратын көздер көрерменге көбірек әсер ететіні өнер тарихынан мәлім. Мейрамбектің жанарындағы мұң да көрген жанды түрлі топшылауларға жетелеп, ақыры өзіне байлап тынатын сипатқа ие.
          Сөйтіп жүргенде, күндердің күнінде «бозторғайымызды» сахнадан жоғалтып алдық. Іздегендер іздеді, іздемегендер ұмыта бастады. «Өтпелі кезең өткенше оған ән айтуға болмайды, сол үшін көрінбей кетті» деді бірі. Онысы рас, адам физиологиялық даму барысында балалық шақтан ересектік кезеңге аяқ басуы өтпелі кезең аталады. Бүкіл ағза өзгеріске түседі, жаңару, жаңғыру болады. Дауыс жуандайды. Бұл кезде көмейге салмақ салу – қауіпті. Ал Мейрамбектің өтпелі кезеңі еліміздің де өтпелі кезеңіне дөп келді. Жұрт сахна мен залды шатастыра бастаған шақта «сен қайдасыңдап» соңына түскен ешкім болмады. Көкке ұшсаң да, жерге кірсең де тауып алатын қазіргідеп қаптаған журнал да жоқ ол кезде. Кейін белгілі болды, Беспаев даусын жоғалтып алыпты. Өнер-өнер деп жүріп өтпелі кезеңнің шекарасынан өлең айтып жүріп аттап қойғанға ұқсайды. Яғни, күтіне алмаған. Сахнаға қалайда оралу керек!
           Оның Құрманғазы атындағы консерваторияның күй класын бітіргенін көп адам біле бермейді. Әнші Мейрамбек неге домбырашылық өнерді таңдады? Бұрынғы тартысы да терме мен ән орындауға жеткілікті еді ғой. Біздіңше, ол консерваторияны күйші болу үшін таңдаған жоқ, жаңаша жол, өзгеше соқпақ салу үшін таңдады. Тасада қалмаудың тәсілі сол еді. 2000 жылдардағы, яғни сахнаға қайта оралған кезіндегі Мейрамбек есіңізде ме? «Жолын сілтеп жіберші, асыл құрбым, Ауылың қай артында жасыл қырдың…» Жуан дауыс, қаттылық атымен жоқ, тамаққа салып айтады. Ізденістің басы болатын бұл. Баяғы үнін іздейтінсіз, бірақ барлық назар домбыраға ауатын. Ұстауы да басқаға ұқсамайды. Мәселен, Алтынбек ағасының домбырасының басы төмен салбырап тұрады, Тоқтар досынікі – жермен параллель. Мейрамбектікі – перпендикулярға жетеқабыл. Көкке шапшып тұрады. Ойнауы да солай. Әннің арасында ұстаның көрік басқанындай желпіп-желпіп жібереді, соңына дейін қызып отырасың. Әсіресе, «МузАРТ-тың» алғашқы әндерінің бірі «Өз елімде». Тілендиев ақсақал осы әнге «Ата толғауын» өзі қосып кеткендей үйлестіре білгендерін айтам да. Топтың қай әнін алсаңыз да ішінде Мейрамбектің домбырасы жүретін, әлі де солай. Демек, оның жақсы әнші болуына күйшілігі де әсер етті деп отырғанымыз – сол. Ал күйшілікке даусын әлсіретіп алғасын келді дегенді жоғарыда айттық.
          Ол даусын қайтадан тауып алды. Алғашқы кездері диапазонының аса ауқымды еместігі, жоғары нотаға жуымайтындығы байқалып тұратын. Тіпті, кей әндердің қайырмасын Сәкен ғана айтар еді. Мүмкін дауыстарының характеріне сай ән бөліктерін өзара бөлісіп алатын шығар, дегенмен өзін төменгі нотада жайлы сезінетінінен жеке репертуарының өзі-ақ хабардар ететін. Мейрамбекке сын айтылған жоқ, артынан жел сөз ермеді. Мейрамбектің нақышында орындайтын, яғни еліктейтін жастар пайда болды.
         Сөйтіп жүргенде, күндердің-күнінде «ауырып қалды» деген хабар тарады. Расында көрінбей кеткен еді. Осыдан үш жыл бұрын. Еуропа асып емделді. Немен ауырғанын, қалай айыққанын тәптіштемей-ақ қоялық, әңгіме әншілік турасында ғой. Бірақ, ашығын айту керек, оны танитындардың бәрі біледі, сырқатының беті қатты болды. Бәленбай келі салмақ тастады, бет-әлпеті өзгеріп кетті. Елдің «бұл шығып жүрген өзі емес, даусы ұқсайтын басқа жігіт екен, Мейрамбек ән айтудан мүлде қалыпты» десе дегеніндей-ақ, даусынан басқасының бәрі өзгерді. Тіпті, денсаулығы оңалып, екі жыл бұрын (мамыр, 2008) сарайда МузАРТ-тың концерті өткенде де «соңғы, қоштасу кеші екен» деп шуылдасты. Өзі керуеттен жаңа тұрған, нәзік жанды жігіттің жүйкесіне ондай жел сөздер оңай тимесе керек. Бір анығы, сол оқиғадан соң халық Мейрамбекті тіпті жақсы көріп кетті. Танымалдығы одан сайын артты. Жалпы, белгілі бір тұлғаға деген аяушылық сезімінің тууы оны беделінің, танымалдығының өсуіне себеп болатыны заңдылық. Саясатты қарасаңыз, 1990 жылы Ресей президенттігіне үміткер Ельцинді әлдекімдер көпірден итеріп жіберді. Аман қалған Бәкеңе құрметі артқан халық оны хан сайлады. 2004 жылы Украинада сайлау өтті. Асына салынған удан бет терісі бұжырланып кеткен Ющенконың сиқы қашқанмен, сүйкімі арта түсті. Немесе, өзіміздің Жақиянов. Билікте жүрсе, жерден алып, жерге салар ма едік, жалалы болды да, жағымды тұлғаға айналды. Тек саясат емес, өнерде де мысалдар жетерлік. Жоғарыдағының кейбірі қолдан ұйымдастырылған, кейбірі қасақана жасалған, біздің кейіпкеріміздігі оларға еш ұқсамайды. Сырқаты оқыс келіп жабысты. Жаратқанның жазуымен, жәрдемімен жазылды. Айтпағымыз, оның жақсы әнші болуына, танымал өнерпаз болуына талайлы тағдыры әсер етті.
«Алладан басқа жоқ тәңір,
Мұхаммед Оның елшісі…»
        Аузында Алласы бар адамды жаманатқа ешкім қимайды. Өзінің айтып жүргеніне өзі лайықтығынан болар, бәлкім, ақиқатқа үгіттейтін жырлары да тыңдар құлаққа дөп тиіп жатты. Жыл бұрын жаңа жинағы шыққанда жаңа қырынан көрінді.
        Кәсіби тұрғыда алғанда, әншілік – дауыстың параметрлері емес. Әншілік – сол параметрлердің үйлесімі. Дауыс бар да, жүрек жоқтардың талайы жүр. Ән – тірі организм. Оның да жүрек лүпілі, қан қысымы, ойлау жүйесі болады. Бәлки, Мейрамбектің мықтылығы әннің лүпілін жоғалтпайтынында болса керек.

12 responses to this post.

  1. Тұщымды ойлармен жазыпсың. Иә,Мейрамбек-қазақтың ұлы,халықтың ұлы. Б.Есентаеваның жетекшілігімен түсірілген “Ғашық жүрек…” фильмі жайлы осы блогтардың бірінен “Баян қазақтың әлсіз жерін тапқан…Мейрамбекті киноға шақыруы үлен олжа,өйткені,ел Мейрамбек десе елең ете түседі…” деген мағынада жазылған жазбаны оқыған едім. Сол рас. Одан кейін, МузАрт тобы әйгілі ДосМұқасанның жолын жалғастыратын топ деп сенімді ой айтуға болады.

    Жауап беру

  2. ras, Meirambek juregin kosady anine. Tura oz basynan otip jatkan sekildi kylyp aitady. Mysaly Sakendi super anwi, diapazony da ken, birak magan ol unamaidy! Jurek jok sekildi, kur bos dauys. Ne bolmasa eki jarym oktava dengeinde dausy bar Baktiayr Tailakbaev we? Ol da tek dausyna senedi.
    men Meirambekti dausyna bola emes, harizmasyna bola jaksy korem, omirde kim ekenin bir ALLA biledi,birak sahynadagy Meirambekke jeter anwi jok sekildi.🙂

    p.s. makala uwin rahmet :)))

    Жауап беру

  3. Оқасы бар екен

    Жауап беру

  4. Ауырып турған соң елдің көз қарасы ауа қалуы деп қортрынды щығару ол енді тым әсерлі қыяли тужырм сияқты..Басқасы керемет…

    Жауап беру

  5. Posted by MAKPAL on 2011/01/04 at 09:42

    Мынау бір улкен кандидаттык жумыска татитын дуние екен… Қазіргі көп тұлғатанушылардың біразынан артық жазғансыз, артық зерттегенсіз, артық жүйелегенсіз… Ғылыми жаңалығы, жүйесі, нәтижесі бар жазба екен… Мына зерттеуіңіз үлкен бір докторлык диссертацияға жол ашып тұр… Сәттілік!

    Жауап беру

  6. Posted by MEYIRBEK on 2011/01/10 at 05:37

    Minani okip otirip koz aldima Ayjannur elestep ketti we! (no Ayjannurdi kormegem omirde):)

    Жауап беру

  7. Жоқтан бар жақсы дегендей, жазбағаннан жазған жақсы ғой. Бізде музыкалық сыншылар жоқ. сол себепті осындай сыни пікірде жазылған мақалалар қажет-ақ. Бірақ, пікір жазған замандастарға айтарым, тым әсірелеп жіберіпсіздер. Мен ешқандай да бір ғылыми, диссертациялық дүние көріп тұрған жоқпын. Бірақ, мақала жақсы жазылған екен. ( Рахмет!🙂 )
    Ал, Мекең аман болсын! Артында өзі секілді текті ұрпақтары көп болсын деп тілеймін!

    Жауап беру

  8. Posted by Эльенора on 2011/04/24 at 12:36

    Мейрамбек журектің әншісі ғой! Дидар Амантайдың Мейрамбектің даусын корабльге теңеуі тегін емес

    Жауап беру

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: