Амал. Азап. Өкініш.


Тайланд. Пхукай аралы. Буддизм нанымындағы жергілікті халық (этникалық қытайлар) тоғыз күнге созылатын діни шараларын, «вегетериандық оразаны» тойлау үстінде. Мерекенің ең басты шарты – тоғыз күн бойы ет атаулыны татып алмау. Тек қана көкөніс, жемісті талғажау етуге болады. Ал тоғыз күнге созылатын себебі ¬– өз сенімдеріндегі тоғыз «құдайға» деген құрмет.
Тоғыз пұтқа таңдай қақпай-ақ қойсаңыз болады. Одан зорғысы бар. Тайландтықтардың сенімі бойынша, адам өз-өзін барынша азаптау арқылы құдайдың ризалығына ие бола алады және өзінің Жаратушыға шын берілген дәлелдейді. Бірақ ол діндегілер өзімді қалай ғана азаптасам екен деп ойланып жатпайды. Азап шегудің дәстүрге айналып кеткен үлгісі бар. Біз цирктен көретін езу терісін тескілеу. (Оқушы кезімде ауылда дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ағай болды. Сол кісінің езуінен ине өткізетін өнері бар-тын. Бүкіл ауыл болып ағайдың сол өнеріне тамсанып қол соғатын. Есіме түсіп кеткесін айтып жатқаным ғой. Ал тайландықтардың түріне қарасаңыз, ине балабақшаның бағдарламасына енетін сияқты.) Етікшінің бізі секілді жіңішкелеу сымтемірден бастап, ломның жуандығындай темірді езуінен өткізіп жүргендерді көзіңіз көреді. Қылыш, семсер сөз болмай қалады. Айбалтаның бір ұшын терісіне іліп алып, қанын сорғалатын бара жатқан «діндарларға» да таңқалмайсыз. Бірақ мына бір көрініске бей-жай қарау мүмкін емес. Бір кісі сиырдың мүйізінен екі еседей жуандау, бірақ формасы мүйізге ұқсас, басы сүйір келген темірмен ұртын тесіп алды да, әлгі езуде пайда болған менің білегім сиятын жырықтан нән жыланды өткізді. Сөйтіп жыланын арқалап көшеге кетті.
Азап шегіп, «тақуалық» қылып жүргендердің ауруды сезбеуінде екі түрлі себеп бар көрінеді. Тесу процесі басталмай тұрып, олар қатты қозғалып, бастарын сілкілеп, жын қуған бақсыдай оғаш әрекеттер жасайды. Трансқа түседі. «Құлшылықтың» ләззатына беріліп, әбден жынданғаннан кейін, олар азапқа дайын тұрады. Ал екінші себеп, «рияшылдық». Яғни, жұрт көзіне түсіп, жұрт жасамаған ерліктерді жасау үшін теріге ауруды сездірмейтін дәрі егіп алады. Бұл тескілеулерден тыс, денеге сау тамтық қалдырмай сурет салып алу, отпен күйдіру секілді ритуалдары тағы бар.
Сөйтіп, езуіне темір-терсек, мүйіз, қылыш, балта, тіпті жуан таяқтарды іліп алған жұрт тоғыз пұтты арқалап қала көшелерін аралайды. Ал жол бойында кездескендер орындарында қалт тұра қалып, тілектілеп, ғибадат жасайды.
Менің сол көшелерді көзбен көргендей баяндап отырғаныма қарап Пхукай аралына барып келді екен деп қалмаңыз. Жаңа ғана «7-арнадан» «Жиһанкез» бағдарламасын көрдім. Жаным түршікті. Әдетте біз қызыға қарайтын елге қарап жаным ашыды. Тағдырларын қолдан жасалған 45 метрлік пұттарына тапсырып отырған халыққа аянышпен қарадым. Көшелерде әдемі үйлердің макеттері тұр. Ол макеттерге өлген соң өз ырымдары бойынша отқа өртелген адамдардың күлдері сақталады екен. Марқұм шөлдемесін деп алдына су қойыпты. Жаяу жүріп шаршамасын деп пілдің мүсінін, көңілі көтеріңкі болсын деп билеп жүрген қыздардың бейнелерін орналастырыпты. Судың орнына «Кола» қойып кеткендер де бар. Адам санасынан туған діни ілім. Халық қанша өркениетке ұмтылса да, саналарын қараңғылық құшағына тартып әкетіп бара жатыр. Олардың да денелері ертең күлге айналады. Ал өз сенімдері бойынша, өлген соң жандары не адамға (егер бұл өмірінде жақсы адам болса), не шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаға қонбақ. Оларға Ислам туралы хабар жетпеді дейсіз бе? Жетті. Бірақ олар бәрібір Құранның ақиқаттарынан хабарсыз.
Ал біз қай еңбегімізбен мұсылман болу бақытына ие болдық? Қай ақылымызбен дүниеде де, ахиретте де жарық нұрға жетелейтін, қайдағы бір ақылға сыймайтын, күлкіңді немесе жылағыңды келтіретін жорылғыларға емес, Жаратушының заңдарына ғана негізделген шынайы дінді таңдадық?
Мұсылман баласы «мен мұсылманмын» деудің алдында «әлхамдулиллаһ» деп айтады. «Әлхамдулиллаһ, мұсылманмын! Аллаға мың да бір шүкір, Аллаға мадақ, Аллаға мақтау, мен – мұсылманмын!» дейді. 
Құдайын танымағандарға нендей өкініш!

2 responses to this post.

  1. соны айтам ау! Аллаға шүкір, мұсылман қылып жаратқан. Қаншама елдер мен мемлекеттер бар осылай «адасып» жүрген. Ағам үндістанда оқыған болатын, сонда олар 30 миллион Құдайларға сыйынады деген. Шынымен не деген фантазия сол үндістерде. Соншама Құдай ойлап табу да қиын ғой.
    Негізі, дін, сенім деген өте күрделі ғой. Олар да кінә жоқ қой. Мүмкін біз де күнде бір емес, тіпті бірнеше пұтқа бағынып жүрген отбасыда дүниеге келсек, сондай қоғамда өмір сүрсек, сол «адасуды» жөн санар едік қой!!

    Жауап беру

  2. Posted by MAKPAL on 2010/12/22 at 01:40

    туу… кургырлар журекті айнытып… Алла сактасын… Психикалары дрыс емес негізі…

    Жауап беру

Leave a reply to MAKPAL Жауап беруден бас тарту